24 маусым күні экскурсиялық-бұқаралық жұмыс бөлімінің экскурсия ұйымдастырушысы Тәжіғали Исламның ұйымдастыруымен оқушыларға арналған «Айдос Мұратов – қазақ ағаш шеберлігінің көрнекті өкілі» тақырыбында танымдық дәріс өткізілді.
Дәрістің мақсаты – жас ұрпаққа қазақ халқының дәстүрлі қолөнерін насихаттау, ұлттық мәдени мұраны дәріптеу және Ақтөбе облысы, Шалқар өңірінен шыққан белгілі ағаш шебері Айдос Мұратовтың өмірі мен шығармашылық жолын таныстыру болды.
Дәріс барысында қатысушылар Айдос Мұратовтың өмірбаянымен, оның ағаш өңдеу өнеріндегі шеберлігімен және қазақтың сәндік-қолданбалы өнеріне қосқан зор үлесімен танысты. Сондай-ақ шебердің қолынан шыққан киіз үй элементтері, асадал, кебеже, сандық, адалбақан, ер-тұрман секілді ұлттық тұрмыстық бұйымдарды жасаудағы ерекше қолтаңбасы, ағаш ою өнеріндегі өзіндік стилі туралы жан-жақты мәлімет берілді. Дәріс барысында оның туындыларының бүгінгі күні облыстық музейдің көрме залына қойылып, халқымыздың баға жетпес мәдени мұрасы ретінде насихатталып келе жатқаны айтылды.
Танымдық дәріс келушілердің ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттырып, туған өлкенің тарихы мен мәдениетін құрметтеуге, халқымыздың қолөнер шеберлерінің мұрасын бағалауға тәрбиелеуге бағытталған мазмұнды іс-шара болды.
