Мүсін көлемі жағынан шағын, жалпақ, биіктігі 58 см, басының ені 33 см. Кескіннің стилі, көрнекі техникасы және иконографиясы бойынша музей қорында сақталған басқа тас мүсіндерден түбегейлі ерекшеленеді. Мүсіннің бас бөлігі жалпағынан сопақша бейнеленген, бет жүзінің көлемі әлдеқайда кеңінен суреттелген. Бадамша тәрізді көздері анық сызықтармен қашалып, дөңес-шұңқырлы кескін құрылымы бар - көздің жалпы контуры бетке терең ойылған, бірақ көздің ішінде рельефті шығыңқы бөліктері орналасқан. Көздің үстіңгі сызықтары тіпті танаулардың рельефі көрінетін массивті, жақсы бейнеленген мұрынға өтеді. Төменде екі жартыға бөлінген дөңес, үлкен мұрты бар. Мұрттың астында сопақша аузының ортасында кішкене сызықшасы бар. Мұрынның контурын ерекшелеу үшін айналасындағы кеңістік терең қазылған, және бұл бет сүйегінің шығыңқы көрінуіне мүмкіндік берген.
Қарастырылып отырған мүсіннің басында қуыс ойығы бар дөңес құлақтары айқын ерекшеленеді. Сол жақ құлағы біршама зақымдалған. Жалпы, бастың бүкіл контуры және бет сызықтары оңға қарай еңіс орналасқан. Мүсін екі бөлікке бөлінген, ақаулық сызығы мойын бойымен өтеді, бірақ музей экспозициясынан көрсету үшін оны әрлеушілер желімдеп қалпына келтірген.
Бастың иыққа өтуі мүсіннің оң және сол жағының тарылуымен беріліп, иықтың контуры жақсы сызылған, қолдың жоғарғы бөлігін көрсететін сызықтар тек алдыңғы жағында ғана емес сонымен қатар бүйір жағында да айқын байқалады. Сол қолында тіпті шынтақ иілісі бейнеленген. Қолдың контурын салу үшін дененің ішкі кеңістігі аздап тереңдетілген. Оң қолы шынтақтан бүгіліп, ашық алақанында кеудеге жақын тостаған тәрізді құмыра ұстаған. Бас бармағы жақсы бедерленген.
Мүсіннің материалы құрамында кварц түйіршіктері мен ұсақ түйіршікті дала шпаты бар олеролит-құмтастан тұрады. Мүсіннің өзі ақшыл сұр «болат» түсті, кескіннің артқы жағында дененің құрылымын көрсететін сызықтар жоқ.