Ақтөбе облыстық
ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ
МУЗЕЙІ

  

Балбалтас

Мүсін Ақтөбе облысы Байғанин ауданы аумағында орналасқан «Бір сағыр» қорымынан алынған. Бұл мүсіннің материалы кварц пен дала шпаты түйірлері бар жасыл-сары олевриттен жасалған (мүсіндерді анықтаған Қазақстанның еңбек сіңірген геологы Р.А.Сегедин). Мүсіннің биіктігі 98 см, білек аймағындағы максималды ені 43 см. Мүсіннің жоғарғы бөлігі анық көрінеді. Ол бет бейнесінің сапасының біршама төмен болуымен ерекшеленеді, тек шығыңқы мұрын жолағы, шағын ауыз, үстіңгі ерні шығыңқы және оң көзінің сызығы жақсы көрінеді.

Бет шеңбері бастың контурына көмілген сияқты көрініп, бас киімнің бұрышы мұрынның үстінен жалғасып, капюшон тәрізді алға қарай шығыңқы орналасқан. Бұл «бас киімнің» иек аймағында дөңес кеудеге өтетін бөлу жолағы бар. Бұл киім үлгісін капюшон немесе басқа тартатын орамал екендігін пішіні мен орындалуы бойынша анықтау қиын. Сондықтан жынысын анықтауға келгенде кедергілер келтіреді. Дегенмен,мүсіншілер жынысты көрсету үшін қолданатын өте айқын белгі, мұртты сызықтардың болмауы, бұл мүсінді әйел деп санауға негіз бар.