Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Руханият» көрме залында 2 ақпан күні «Руханият» клубы мүшелері мен өңірдің ХІХ-ХХ ғғ. танымал діни қайраткер, халық емшілері ұрпақтары қатысуымен жиын өтті.
Жиында «Руханият» клубының 2023 жылы жүргізген жұмыстарының Есебі тыңдалды, осы ағымдағы жылы ұйымдастырылатын іс-шаралар, оның ішінде облыстық «Аманат - 2024» (өңірдегі киелі орындар мен мешіттерді (ХVIII-XX) анықтау, рухани діни қайраткерлердің өмірі мен ағартушылық қызметін зерттеу жөніндегі) экспедициясының Мәртөк, Қарғалы (көктемгі) және Ырғыз (күзгі) аудандарына іс-сапары бағыттары анықталды.
Жиын барысында аталған экспедиция мамандары қатысуымен және ұрпақтарының демеушілігімен жасақталған халық емшісі, дәстүрлі мұсылманша діни білімі мен емшілік (шипагерлік) қызметі үшін қуғынға ұшыраған, халық әулие деп атаған Нұрлепес Күмісбайұлының (1888 - 1973 жж., Темір ауданы) арнайы экспозициясының салтанатты ашылуы, сондай-ақ осындай қызметі үшін жазықсыз жазаланған Сүлеймен сынықшы Қарабалаұлының (1907 - 1970 жж., Ойыл ауданы) және өңірдің танымал діни қайраткері, репрессия құрбаны Қадірберді ахун Есетұлының (1850-1932 жж., Байғанин ауданы), оның Түйетөбеде атылған ұлы Қадырбердин Сражаддиннің (1885 – 1939/40 жж.) жеке тұтынған заттарынан жинақталған шағын көрмелер келушілерге көрсетіліп, экскурсия жүргізілді.
Шараның мақсаты: өңірдің танымал рухани ағартушысы, шипагер емші, сынықшысы болған, зұлматта жазықсыз жазаланған осындай тарихи тұлға, қайраткерлердің өмірі мен қызметін облыс тұрғындарына қайтадан таныту, тәу етіп еске алу, оларды жаскелең ұрпаққа паш ету.
Жиын мен оның барысындағы арнайы экспозиция ашылуы мен көрме экскурсиясына клубтың белсенді мүшелері, жергілікті өлкетанушылар, тарихшы ұстаздар өкілдері мен аталған діни қайраткер, әулие емші, сынықшының ұрпақтары қатысты.
Жаңа экспозиция мен көрмені тамашалау 10 наурызға дейін жалғасады.