Халықаралық музейлер күні мерекесіне орай дәстүрлі «Жәдігер жерде қалмасын!» акциясы өтіп, оны қорытындылау мақсатында өткен жылдың 18 мамырынан биылғы жылдың 17 мамырына дейін музей қорына тапсырылған заттардан көрме жасақталды.
Атап айтсақ, осы уақыт аралығында ҚР Қазақ ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент мүшесі Абай Орынбаевтың, белгілі қолөнер шебері Ерқосай Әбіловтың, Ауған соғысының интернационалист-жауынгерлері облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аслан Балқасыновтың, Қазақ-орыс Халықаралық университетінің өкілі Артем Василенконың, Ақтөбе қаласының тұрғындары Ақсерік Төремұратованың, Ақалма Ізбасованың, Сырым Байдрахмановтың және музей қызметкерлері тапсырған жәдігерлер қабылданды.
Бір жыл ішінде музей қорына 1216 экспонат түсті. Олардың қатарында музей ардагері Р.Ілиясованың жеке заттары, суретші А.Корваттың картиналары, Әбілқайыр ханның жары Бопай ханымның картинасы, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің орден-медальдары, каратэ-додан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ринат Сағындықовтың спорттық құралдары, т.б. бар.
Шарада белгілі өлкетанушы Рысжан Ілиясованың баласы Абай Жақсылықов, Ауған соғысының интернационалист-жауынгерлері облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аслан Балқасынов өлкенің өткені мен бүгінінен сыр шертетін музейдің алар орны ерекше екенін атап өтті. Қор бөлімінің меңгерушісі Нұрболат Ғаббасов әннен шашу шашып, бас қор сақтаушы Базаргүл Тұрлыбаева зат тапсырған қала тұрғындарына музей директорының атынан Алғыс хаттар табыстады.
Сондай-ақ, музей ардагері мен қызметкерлері Орынғали Хайруллин, Алмагүл Сарыбай, Эльмира Басжанова, қала тұрғындары Ақсәуле Қажымұратова, Ақсерік Төремұратова, Гүлсан Алғиева музей қорына заттар тапсырды. Құнды жәдігерлер қатарында екі жүз жылға жуық тарихы бар құман мен бір ғасыр бұрын қолданылған түбіт тарайтын ая бар.