Еліміздің мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі «Рухани қазына — 2020» ІІІ республикалық байқауын ұйымдастырған болатын. Байқау қорытындысында Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі «Үздік мемлекеттік музей сайты» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлованың қолы қойылған арнайы Дипломы және 500 мың теңге ақшалай сыйлығымен марапатталып, ұжым мерейін үстем етті.
7 қазан күні елордасы Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Рухани қазына — 2020» республикалық байқау қорытындысының фестивалі өтті. Жоғары деңгейде өткен салтанатты марапаттау рәсіміне облыстық тарихи-өлкетану музейі қазіргі заман тарихы ғылыми-зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің аға ғылыми қызметкері Арман Ержанов қатысып келді. Үшінші рет өткізілген байқауға мемлекеттік музей, кітапхана, мәдениет үйлері мен ауыл клубтарынан жалпы саны 259 өтінім түскен. Атап айтқанда, 119 кітапхана, 90 мәдени ойын-сауық ошағы мен 50 музей бар.
Музей сайтында орналасқан келушілерге арналған айдарында байланыс телефондары мен жұмыс уақыты, музейге келу ережесі, экскурсиялар, дәрістер мен виртуалды музеймен, экспозиция айдарында табиғит, археология, бірегей экспонаттар, Қазақ хандығы, 1869-1940 жылдардағы өлке тарихы, Ерлік пен Даңқ, 1945-1991 жылдардағы Ақтөбе өлкесінің тарихы, Тәуелсіздік жолымен, этнография залдарымен, музей туралы айдарында музей тарихы мен құрылымы, ресми құжаттары және жобалармен танысуға болады.
Сайт құрылымын өңдеп, ондағы мәліметтерді толықтыру жұмыстарына музей қызметкерлері Жанна Шайманова, Айнұр Аймағанбетова және Аягөз Сүлейменова атсалысты.
Музей ұжымын марапатымен құттықтап, шығармашылық табыстар тілейміз.
С.ҰЛЫҚПАНОВ.