9 қазан күні облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Руханият» залы жасақталып, келушілерге есігін айқара ашты.
Онлайн режимінде өткен ашылу рәсімінде музей директоры Мейрам Дүйсенғали музей жанашырларын залдың ашылуымен құттықтап, оның жұмысына сәттілік тіледі. Қазіргі заман тарихы ғылыми-зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің кіші ғылыми қызметкері Айзагүл Джамбулова зал жұмысымен және онда орнатылған экспозициялармен таныстырды.
Руханият залында әлемдік және дәстүрлі діндердің, соның ішінде исламның, оның діни ілімінің пайда болуы мен еліміздің аумағында және Ақтөбе облысында даму тарихы туралы деректер жинақталды. Сондай-ақ, өлкемізде мешіт ұстап, мұсылманша білім берген ақтөбелік діни тұлғалардың жеке пайдаланған заттары мен кітап, қолжазбалары топтастырылды.
Ақтөбеліктер мен қала қонқтарын көрме залын тамашалауға шақырамыз!
С.ҰЛЫҚПАНОВ,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері.