Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі Байғанин ауданының 90 жылдығына орай өңіріміздің перзенті, Қазақстанның халық артисі, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген актрисасы Алтын Ибрагимқызы Ружеваның туғанына 90 жыл толуына арналған «Театр өнерінің майталманы» атты тарихи-мәдени-танымдық шара ұйымдастырып өткізді. Бұл шараны ұйымдастырып өткізудегі басты мақсатАлтын Ружеваның өмір жолы мен шығармашылығымен таныстыру. Театр өнеріне сіңірген зор еңбегін, жақсы қырларын насихаттау.
Шара барысында ҚР мәдениет қайраткері, Құрметті профессор,мәдениеттанушы Құрманбек Еркін Жолмырзаұлы Байғанин ауданының 90 жылдығы аясында киелі өнерді өміріне өзек етіп, саналы ғұмырын театр сахнасында өткерген қазақтың ғажап актрисаларының бірі Алтын Ружеваның туғанына 90 жылдығына орай еске алу баршамызға парыз екендігін айтып, Алтын Ибрагимқызының өмір жолын еске салды.
Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының режиссері Бақытжанов Мағзом Сәпиұлы мен «Құрмет» орденінің иегері, Мәдениет саласының үздігі Бақытжанова Шалқия Ауғанбайқызы жас кездерінде Алтын апаймен қызметтес болғандығын, ол кісінің қамқорлығын, өнерге баулып, ақыл-кеңестер бергендігін ерекше ілтипатпен еске алды.
Шара барысында Шалқия апай «Қобыланды батыр» жырынан Аналықтың монологін, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының актрисасы Ильясова Майра Сидағұлқызы «Ана – Жер ана» қойылымынан Толғанай монологын оқыды.
ҚР Мәдениет саласының үздігі Орал-Қосай Байсеңгір Алтын Ружева туралы бала күніндегі есте қалғандарын айтып берді. «Тарлан» колледжінде Алтын Ружеваға арналған кабинет ашылды, оның жас актерлерді дайындауда маңызы зор болмақ деді. Мұнан кейін жас актерлер өлеңдер оқыды.
Күйші, домбырашы Асылханов Жайлау Жаншаұлы Алтын апаймен екеуі бір атадан тараған ұрпақ екендігін әңгіме етті. «Асау-Барақ» күйін орындап берді.
Байғанин аудандық музейінің қор сақтаушысы Сәрсен Гүлзада Аймұратқызы Байғанин ауданының 90 жылдығы мен Алтын Ружеваның туғанына 90 жыл толуына орай ұйымдастырылып өткізілген шараларға тоқталды. Музей қорында сақталған жәдігер – аудандық музей директоры Ләззәт Жаулинаның Алтын Ружеваның баласы Болат Әбділмановпен болған сұхбатынан үзінді көрсетілді.
Алтын апамызмен қызметтес болған Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры артистері Мәдениет саласының үздігі Тоқымтаев Базарбек Сләмбекұлы мен Қазақстанның Халық артисі Кенжебекова Алмахан Нүрпейісқызының бейнетаспаға жазылып алынған естеліктері тыңдаушыларды үлкен әсерге бөледі.
Шараға апайдың туыстары Бикешова Клара Атағұлақызы, Мұқашева Жанна Даниялқызы т.б. інілері, сіңлілері келіп қатысты.
Орал-Қосай Байсеңгірдің орындаған «Біздің ауыл тамаша», «Байғанин маршы» әндері шараға қатысушылардың көңіл күйлерін көтерумен қатар, жігерлердіріп отырды.
Шара соңында музейдің экскурсиялық-бұқаралық жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Алмагүл Сүндетқызы шара қонақтарына гүл сыйлап, «Ақтөбе өңірінің атақты тұлғалары» кітаптарын тарту етті.
Сонымен қатар Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі мен С.Бәйішев атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасы жасақтаған «Байғанин ауданына 90 жыл», «Алтын Ружеваның туғанына 90 жыл» атты әдебиеттер көрмесі шараның мазмұнын арттырып, келушілерге мол мағлұмат берді.