2020 жылдың Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Волонтер жылы» болып жариялануына орай Qazvolunteer.kz волонтерлік бірінғай платформасына «Birgemiz: Asyl mura» атты жалпыұлттық жобасы аясында аталған жылдан бастап мәдени-тарихи мұраның қорғалуы мен сақталуына ат салысу мақсатында Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі тарапынан өңір аумағында жүргізілген археологиялық экспедицияның ғылыми-зерттеу жұмыстарына еріктілер жұмылдырылған болатын. Осы бағыттағы жұмыстарға биыл да волонтерлер көмек қолдарын созып, бұл шаралар әрі қарай жалғастырылды.
Атап көрсеткенде, ағымдағы жылдың ішінде «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» арнайы жобасымен Ақтөбе облысы бойынша 2021-2024 жылдары жүзеге асыруға арналған Жол картасы аясында Ақтөбе қаласы маңындағы ерте сармат дәуіріне жататын «Қурайлы ІІІ», Мұғалжар ауданындағы «Жағабұлақ», Әйтеке би ауданындағы «Аққисық» қорымдарына ұйымдастырылған археологиялық қазба жұмыстарына еріктілер тобы белсене қатысты. Сондай-ақ олардың қатысуымен Ә.Марғұлан атындағы археология институтымен бірлескен қазба жұмыстары – Байғанин ауданы Доңызтау аймағындағы орта ғасырлық оғыз тайпасының «Жезді» қалашық-бекінісінің орнын, Мұғалжар ауданындағы тас дәуірі ескерткіші - «Төлеубұлақ» үңгірінің петроглифтері мен оның тарихи-мәдени аумағын зерттеулерде жүзеге асырылды.
Сонымен қатар Темір ауданының орталығы Шұбарқұдық кентінен оңтүстік- батыста 2 шақырым орналасқан қашықтықта «Досжан Ишан» діни-ғұрыптық кешеніндегі медресе орнын анықтау мақсатында ұйымдастырылған этно-археологиялық қазба жұмыстарында да волонтерлер тобы белсенділік танытты. Олар Байғанин ауданындағы Ноғай Ордасының негізін қалаушы Ер Едіге әмірдің жерленген жерін анықтау мақсатында «Едіге жалы» қорымдық төбесіне жүргізілген этно-археологиялық қазба жұмыстарына да еріктілер жұмыла қатысты. Қазірде студент волонтерлер далалық қазба жұмыстары аяқталып болған соң кейін басталған музейдің «Жалпы тарих, археология және этнография» бөлімі тарапынан қазба кезінде табылған құнды олжаларды лабороториялық зерттеулерге де тұрақты қатысып келеді.
Аталған барлық далалық қазба жұмыстарының аяқталуын қорытындылау рәсімінде музей дирекциясы тарапынан оларда белсенділік танытқан ерікті оқушылар мен волонтер студенттерге «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша музейдің археологиялық тобының өлкемізде жүргізген биылғы археологиялық ғылыми-зерттеу қазба жұмыстарына лайықты атсалысып, өңірдің археология саласының қарқынды дамуына өз үлесін қосқанына, сондай-ақ болашағынан зор үміт күттіретін осындай еңбексүйгіш балалар, жасөспірім, жастарды тәрбиелеп отырған олардың ата-аналарына Алғыс хаттар тапсырылды. Бұдан тыс жыл сайын археология ғылымына, оның ішінде қазба жұмыстарына қатынасуға құлшыныстарын арттырып отырған Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің жанында жұмыс жүргізудегі «Жас археолог» үйірмесінің жетекшісі, аталған музейдің экскурсоводы Медет Құлмұқанов облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының арнайы Алғыс хатымен марапатталды. Рәсімде музей басшылығы 2022 жылғы қазба жұмыстарынада еріктілер ұдайы қатысып, өз істерін әрі қарай жалғастыратындығына сенім білдірді.
Марапатқа ие болған волонтерлік топтар құрамында Қ.Жұбанов атындағы АӨУ, тарих факультетінің студенттері, атап айтқанда «Тарих- география» мамандығының 4- курс студенті Ерасыл Жолдыбай , «Тарих» мамандығының 3-курс студенті Айбек Құрманғали, «Тарих» мамандығының 2- курс студенттері Балмагамбет Даутеев, Ұлағат Амантурлин, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті Жоғарғы колледжінің «дене тәрбиесі және спорт» мамандығының 4-курс студенті Бекет Мырзағалиев, №72 Әбіш Кекілбаев атындағы ІТ мектебінің 8-сынып оқушысы Арслан Мамедов, №51 гимназиясының 7-сынып оқушысы - Аян Дүйсенғали, Ойыл ауданындағы, Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясынан 11-сынып оқушысы Саят Шакенов, 10- сынып оқушысы Ерасыл Оразбаев, 9- сынып оқушысы Жасұлан Мұханбетқалиевтер, жиыны 5 студент, 5 оқушы бар. Олардың қатарындағы ақтөбелік студент жастардан музейдің «жалпы тарих, археология және этнография» бөлімінің жанынан құралған «Жас археолог» үйірмесінің (5 студент), ал Ойыл ауданынан қатысқан 3 оқушы Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейі жанындағы «Жас археолог» үйірмесінің мүшелері болып табылады. Жалпы тарихқа далалық қазба жұмыстарына қызығушылық танытатын әрбір жас талапкер волонтер ретінде жазғы каникулы, демалыстары кезінде музейдің археологиялық- этнографиялық экспедицияларына қатыса алады. Алдағы жылы да бұндай шаралар әрі қарай жалғастырылып, волонтер – ерікті топтар, оларға қатысушы студенттер, оқушылар саны көбейе беретін болады.
А.Тауман – облыстық тарихи-өлкетану музейінің әдіскері