Облыстық тарихи-өлкетану музейінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік — ел тілегі, Елбасы — ел тірегі» атты мерекелік кешенді көрменің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Көрме мақсаты — Тәуелсіздіктің 30 жылдығында еліміздің халықаралық деңгейде жеткен жетістіктерін, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіздік жылдарында елдің жарқын болашағы үшін жасаған еңбектерін, Ақтөбе облысына жасаған ресми жұмыс сапарлары аясында өндіріс орындары және білім, мәдениет, спорт, т.б. әлеуметтік нысандардың ашылуын және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ақтөбе өңірінде жүргізілген археологиялық ғылыми-зерттеу қазба жұмыстарының жетістіктерін музей келушілеріне таныстырып, дәріптеу.
Жиналған қауымды құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова Тәуелсіздік алған жылдан бері өлкемізде көптеген игілікті істердің атқарылғанын айтып, музей төрінде ұйымдастырылып отырған көрменің маңыздылығын ерекше атап өтті. Және бір топ мәдениет саласының қызметкерлерін облыстың мәдениет және өнер саласының өркендеуі жолында елеулі үлесі және белсенді қызметі үшін «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалімен, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады.
Өлкетанушы, «Құрмет» орденінің иегері Бекарыстан Мырзабай да мерекелік лебізін білдірді.
Салтанатты шарадан соң қонақтар мерекелік көрмені тамашалады.