Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Алға ауданы Қарағаш селолық округы Самбай ауылының А.Байтұрсынов атындағы мектебімен бірлесе отыра «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Алаштың ардақты тұлғасы А.Байтұрсыновтың туғанына 145 - жыл толуына орай «Ұлт ұстазы- Ахмет» атты ғылыми-танымдық конференциясын ұйымдастырып өткізді.
А.Байтұрсынов 1895 ж.Орынбордағы мұғалімдік мектепті бітіргеннен кейін, өзі жазғандай «әртүрлі мектепте қызмет жасады - әуелі ауылдық, сосын болыстық және екікластық» мұғалімдік қызметін жүргізеді. 1895-1896жж. Ақтөбе уезі, Бестамақ болысында қазіргі Алға ауданы Қарағаш селолық округы Самбай ауылының болысы Ахметкерей Қосуақовтың салдырған мектебінде мұғалімдік қызмет атқарады. Қазіргі таңда Самбай ауылында А.Байтұрсынов атындағы мектеп бар және Алаш тұлғасының алғашқы еңбек жолының осы ауылдан басталуы өңір тарихы үшін маңызы зор.
Мақсаты: Қазақ халқының біртуар ұлдарының бірі Ахмет Байтұрсыновтың мұрасын халыққа насихаттау, жастарға жеткізу. Ұлт ұстазы атанған тұлғаның өмірінің кезеңдеріндегі өлкеміздің тарихымен тығыз байланыс тұстарын өскелең ұрпаққа таныстыру.
Шараға Алға ауданы Қарағаш селолық округы Самбай ауылының әкімдігі, А.Байтұрсынов атындағы мектеп оқушылары, ауыл тұрғындары мен мұғалімдер, Нұрбұлақ ауылының қазақ орта мектебінің оқушылары, Ақтөбе қаласының зиялы қауым өкілдері, тарихшы ғалымдар, облыстық музей қызметкерлері қатысты.
11 мамыр күні сағат 10.30-де Алға ауданы, Қарағаш селолық округы, Самбай ауылының әкімі, А.Байтұрсынов атындағы мектеп оқушылары, ауыл тұрғындары мен мұғалімдері, Нұрбұлақ ауылының қазақ орта мектебінің оқушылары, Ақтөбе қаласының зиялы қауым өкілдері, тарихшы ғалымдар, облыстық музей қызметкерлерінің қатысуымен Ахмет Байтұрсынов бюстінің алдына гүл қою рәсімі өтті. Содан соң Самбай ауылының әкімі сөз сөйлеп, конференцияның сәтті өтуіне сенімін білдірді. Сағат 11.00-де конференция өз жұмысын бастады. Конференция барысында Бекарыстан Боранқұлұлы, Айшуақ Дәрменұлы, Үмбетхан Қуандықұлы, Баян Қуандыққызы және Арман Құдайбергенұлы сөз сөйледі. Сонымен қатар мектеп ұстаздары мен оқушылары да өз ойларын жеткізді. Конференцияның соңы концерттік бағдарламамен аяқталды. Оқушылар өз өнерлерін көрсетті. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің атынан барлық қатысушы мұғалімдер мен оқушыларға алғыс хаттар табысталып, құнды кітаптар тарту етілді.