Тамыз айының 17-сі күні сағат 15:00-де музейдің көрме залында Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, көрнекті ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың 80 жас мерейтойына арналған «Тәуелсіздік жолымен: Шаханов шыққан шың» тарихи-танымдық шара өткізілді.
Шараның мақсаты — көпшілікке тілі жатық, ойы шымыр өлеңдерімен ғана емес, шешуші сәттерде батыл әрекет ететін тәуекелшіл мінезімен де танымал Шахановтың әдеби, қоғамдық және саяси мәселелерді қозғап, ұлтжандылығы арқасында көрсеткен жетістіктерін өскелең ұрпаққа баяндау, жырларының құдіретін сезіну.
Биыл шындығын жоғалтпаған ақынның әдебиетке, ұлт руханиятына, түркі ынтымағына сіңірген еңбегі ескеріліп, Ұлытау төрінде өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілді.Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны сыйлығының лауреаты М.Шахановтың кешіне Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы А.Ю.Юнисова, Қазақстан Жазушылар Одағы облыстық филиалының төрағасы, ақын, журналист, «Үштаған» журналының бас редакторы Ертай Ашықбаев,ф.ғ.к. доцент Нұрдәулет Алдашев, Ақтөбе облыстық Мәслихат депутаты, журналист Бақыт Жаншаева және «Желтоқсан алауы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, Ақтөбе облысының танымал ақындары Гүлімай Әбішқызы, Гүлжаһан Төреханова, Ақілгек Мырзабай, Ершат Қайболдин қатысты. Кеш барысында Мұхтар Шахановтың Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейіне деген өзінің алғысы видеожолдау арқылы көрсетіліп, ақын шығармаларына талдау жасалып,ақын сөзіне жазылған әндер тыңдалды. Қатысушы ақындар өздерінің арнау өлеңдерін оқып, ақынды мерейтойымен құттықтады. Шара соңында басқарма басшысы А.Ю.Юнисова кешке қатысушы қонақтарға өз алғысын білдіріп, «Ақтөбе облысының киелі географиясы»(Алматы,2021ж.) кітабын сыйға тартты.