28 қыркүйек күні Ақтөбе облыстық тарихи өлкетану музейінде қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақстан ғылым академиясының академигі, профессор, Қазақ КСР еңбек сіңірген ғылым қайраткері Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына 125 жыл толуына арналған «М. Әуезов және оның «Абай жолы» роман-эпопеясы» атты дөңгелек үстел өтті.
Шараның мақсаты — ұлттық әдебиет пен мәдениетке «Абай жолы» роман-эпопеясы және басқа да классикалық, әдеби және драмалық шығармаларымен өлшеусіз үлес қосқан, өз туындыларымен бүгінгі тәуелсіз Қазақстан елі азаматтары мен азаматшаларын тәрбиелеуге игі ықпал жасаудағы заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің биылғы атаулы мерейтойлық 125 жылдық мерекесін оның туған күнінде өңірдің әдебиетші, әлеуметтанушы, ғалымдары мен шәкірті қатысуымен оны қайталанбас әлемдік көркем сөз шеберінің роман-эпопеясы арқылы бүгінгі өскелең ұрпаққа баяндап жеткізу және насихаттау.
Әуезовтің мұрасының аса қомақты бөлігі – оның ғылыми зерттеулері. Ол қазақ ауыз әдебиетін жинақтап, жүйелеп, қазақ әдебиеті тарихы, Абайдың өмірі мен шығармашылығы, әдебиеттану мен фольклордың теориялық-проблемалық мәселелері жөнінде іргелі еңбектер жазды. Қоғам және мемлекет қайраткері ретінде Әуезов жиырмадан астам шет елдерде болып, адамзат қоғамының дамуы, рухани ынтымақтастық үшін өз көзқарасын білдірді. Әлем халықтары оның «Абай жолы» роман-эпопеясын айрықша құбылыс ретінде таныды.
Шараға ұлы жазушының шәкірті, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры, Ойыл ауданының Құрметті азаматы Асқаров Идош Мұсақұлұлы, ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Тайжанов Алтай Тайжанұлы, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Алдашев Нұрдәулет Мырзалыұлы қатысты. Сондай-ақ, академик жазушының төл үнжазбасы тыңдалып, кітаптарының көрмесі ұйымдастырылды.