«Шолпы» қыз балалар клубының ұйымдастыруымен «Құралайдың салқыны» атты дөңгелек үстел өтті.
Шарада клуб жетекшісі Алмагүл Сарыбай, клубтың кеңес мүшесі Еркін Дінахметов Құралайдың салқыны туралы тұшымды әңгіме өрбітіп, клубтың кеңес мүшесі Орынгүл Ідірісова "Ақсақ киік", Яссауи даму орталығының ұстазы Балдану Мұратқызы Ақбөкендер туралы аңыздар айтты.
Белгілі жыршы Демеубай Жолымбетов Ақбөкеннің хикаясына тоқталып, киелі жануар туралы жыр арнады және жас күйші Батырхан Көпжасаров "Ақсақ киік" күйін орындады.
«Құралайдың салқыны» — киіктің төлдеуімен байланысты құбылыс. Қазақтың есепшілері текебұрқылдақ амалы — текелердің шағылысатын кезіне қарап, құралайдың салқыны амалының уақытын дәл анықтап отырған.
Құралайдың салқыны аталатын себебі бұл кезде киіктер төлдеп, құралайының кіндігі түседі. Киік төлдер кезде желге қарсы жүгіріп, төлдеуге қабілетті болады екен. Бұған табиғаттың тылсым күшімен соққан қатты суық жел жәрдемдеседі. Бір қызығы, даланы кезген барлық киік осы екі-үш күннің ішінде төлдеп үлгереді. Енесі жанында болмаған кезде құралай тапжылмастан жата береді екен. Үлкендердің айтуынша, аналық киік кез келген құралайды емізіп, бауырына ала береді. Сондықтан ыстық жаз түскенде құралайдың далада жетім қалмайтыны осыдан. Киік өзінің лағын осы мерзімде өргізеді. Яғни, құралайдың салқынында жел тұрып, жаңа туған лақ желге қарсы жүгіріп, тынысын ашып, тез аяқтанып кететін көрінеді. Құралайдың салқынында күн түнеріп, аспанда бұлт үйіріледі. Төлдейтін мерзімі жақындаған қоңыр аңдар бұлт үйірілген жерлерге топтасады.
Шараға мектеп оқушылары мен студенттер қатысты.