Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығына арналған шаралар жоғары деңгейде өтті.
Шара барысында жиналған қауым «Азаттықтың ақ таңы» мемориалдық кешеніне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Рәсімде сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова өңірімізде Т.Жүргенов сынды ұлт зиялыларын ардақтау мақсатында атқарылған шараларға тоқталып, қоғам қайраткерлері Орынша Қарабалина, Зейнеп Ахметова, академик Ханкелді Әбжанов Ақтөбе жерінде Жүргеновтің ұлы мұрасын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылып отырған шаралардың өскелең ұрпақ үшін маңызы зор екенін ерекше атап өтті.
Қоғамдық келісім ғимаратында өткен «Т.Жүргенов және түркі әлемінің рухани бірегейлігі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай, академик Ханкелді Әбжанов, қоғам қайраткерлері Орынша Қарабалина, Зейнеп Ахметова, «Темірбек Жүргенов» қоғамдық қорының төрағасы Сәби Аңсатов Т.Жүргенов, Ұ.Құлымбетов, Т.Жаманмұрынов, Т.Шонанұлының есімдері ешқашан ұмытылмайтынын тілге тиек етті.
Ұ.Құлымбетов атындағы №64 орта мектебінде «Ұрпақтар үні», Б.Момышұлы атындағы №62 орта мектебінде «Баукеңнің тәлімі» атты О.Қарабалина, З.Ахметованың қатысуымен кездесу кештері ұйымдастырылды. Ұ.Құлымбетов атындағы №64 орта мектебіндегі шарада «Ұ.Құлымбетов — қазақ билігінің ақсақалы» атты монографияның тұсаукесері өтті.
Сондай-ақ, жан-жақтан шақырылған қонақтар 1936 жылғы Мәскеудегі Қазақ мәдениеті мен өнерінің 10 күндігі аясында Т.Жүргенов ұйымдастырған концерттің қайта жаңғыртылған нұсқасын тамашалады.