3 қараша күні Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын насихаттау мақсатында археологиялық қазба жұмыстарынан табылған тарихи құнды жәдігерлерден жасақталған «Ғасырлардан сыр шерткен Атырау» атты көшпелі көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Көрменің ашылу салтанатына Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі қызметкерлері, Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы, зиялы қауым өкілдері, өлкетанушылар, ғалымдар, мәдениет мекемелері қызметкерлері, жоғарғы және орта оқу орындары оқытушылары мен студенттері, мектеп ұстаздары мен оқушылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова Ақтөбе өңіріне келген Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі көшпелі көрмесінің ашылу салтанатымен құттықтап, көрме жұмысына сәттілік тіледі. Өз кезегінде Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Рашида Харипова музейаралық байланыстың маңыздылығын атап өтті.
ҚР Мәдениет қайраткері, музей ардагері Еркін Құрманбек музей ісін дамытуда көшпелі көрмелердің алатын ерекше рөлін баяндады.
Көрме экспозициясына 1999 жылы Атырау облысы Жылой ауданының Аралтөбе қорғанынан табылған Сармат көсемінің реконструкциясы мен 2017 жылы Миялы қорғанынан табылған Сармат әйел адамының реконструкциясы және Сарматтар кезеңіндегі қыш ыдыстар, жебе ұштары, темір семсер мен ақинақтар, моншақтар, қола, ерте темір және сарматтар дәуіріне жататын қола айналары, Сармат дәуірінің ескерткіштері, Қылыш, Борсық және Миялы қорғандарынан табылған алтын жапсырмалар, жебе ұштары, құмыралар және басқа да артефактілер қойылды.
Жылжымалы көрме 3-26 қараша күндері аралығында жұмыс жасайды.