Ақтөбеде көрнекті ғалым-этнолог, этноархеолог Серік Әжіғалидің 70 жас мерейтойына арналған «Еуразия тарихы мен мәдениеті аясындағы Арал-Каспий аймағы» атты ІІІ Халықаралық ғылыми конференциясы және шара аясында секциялар жұмысы өтті. Оған Отандық және алыс-жақын шет елдерден келген ғалымдар қатысты.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Жастар сарайында өткен ауқымды шара барысында қонақтар назарына «Ақтөбе облысының аса көрнекті архитектуралық ескерткіштері», «Хан моласы қорымындағы кешенді зерттеулер: Әбілқайыр хан бейіті қалай табылды?», «Батыс Қазақстан (Доңызтау) этноархеологиялық кешенді экспедициясының 2019-2020 жылдардағы ізденістері» атты фотокөрмелер ұсынылды.
Алғаш сөз алған облыс әкімі Ералы Тоғжанов аймақта этноархеологиялық саласы қарқынды дамып, оған үлес қосып келе жатқан ғалымдардың еңбектерін жоғары бағалады. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп, қолдау көрсетілетінін айтты. Бұдан соң ғалымдар мазмұнды баяндамалар жасап, өлке тарихын зерттеу бағытында болашақта жүзеге асырылуға тиіс өзекті мәселелерді ортаға салып, ойларымен бөлісті.
Екі күнге жоспарланған шараның екінші бөлігінде «Үлкен Доңызтау тарихи-мәдени аймағы және оның маңызы», «Ұлы Дала және көршілес аймақтар: тарих, мәдениет, ескерткіштер» атты симпозиумдар өтіп, қонақтарға «Доңызтау ескерткіштері» деректі фильмі көрсетілді.
Облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова Солтүстік Үстірт және Доңызтау жерлеріне ұзақ жылдардан бері ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген белгілі ғалым Серік Әжіғалидің еңбегін ерекше атап өтті.
Конференция соңында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова облыс әкімінің атынан ғалымға Құттықтау хатын табыстап, иығына шапан жапты. Сондай-ақ, жан-жақтан келген әріптестері де ғалымға Құттықтау хаттары мен сый-сияпаттарын табыстады.
Өз кезегінде Серік Әжіғали халықаралық деңгейдегі конференцияны ұйымдастырушыларға алғысын айтты.
Конференция соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Айта кетсек, ғалымның 50 жылға жуық ғылым жолында оның жетекшілігімен 50-дің үстінде ғылыми экспедиция жүргізілген. 600-дің үстінде жазған ғылыми еңбегінің 25-сі — монография. Оның жетекшілігімен 50-дің үстінде диссертация қорғалған.